Құрметті достар, әріптестер!
100KZGALYM айдарының кезекті кейіпкері – жоғары білім саласындағы әріптесім, ғылым саласында жақсы жетістіктерге жетіп жүрген ғалым Әлия Қожабекова.
Әлия Қожабекова – Канададағы Калгари университетінің білім беру факультетінің ассистент профессоры. Аталған жоғары оқу орны – Канаданың зерттеу университеттері арасындағы рейтингте 5-6 орында. Проф. Әлия Қожабекова екі рет Springer және Web of Science баспаларында педагогика саласында Қазақстан бойынша ең көп жарияланатын ғалым ретінде танылды.
Ғалымның зерттеулеріне Норвегияның Халықаралық қатынастар институты, ҚР ғылым және жоғары білім министрлігі, Назарбаев университеті және Канаданың Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар кеңесі сияқты әртүрлі ұйымдардың гранттары қолдау көрсетті, олардың жалпы құны 1 миллион АҚШ долларынан асады.
Әлия Қожабекова 2022-2024 жылдары салыстырмалы және халықаралық білім беру бойынша ғылыми қоғамдастықтың Еуразиялық тобының төрағасы болып сайланды. Қазіргі уақытта ғалым – Канаданың жоғары білім беру зерттеушілері қоғамының директорлар кеңесінің, Білім және ғылымды зерттеу жөніндегі Ұлттық ғылыми кеңестің мүшесі.
Әлия Сейтпаталқызының білім жолы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Шет тілі» мамандығынан басталды. АҚШ-та IREX бағдарламасы бойынша оқуын жалғастырып, американдық бакалавр дәрежесін, сондай-ақ қолданбалы лингвистика және жоғары білім беруді басқару мамандықтары бойынша магистр дәрежесін екі рет алды.
Әлия Қожабекова өзінің ғылым жолындағы қызметін әртүрлі университеттерде оқытушы ретінде бастады, содан кейін «Болашақ» бағдарламасы бойынша Миннесота университетінде (АҚШ) оқып, PhD дәрежесін алды. Назарбаев Университетінде 2013 жылдан 2018 жылға дейін профессор болып жұмыс істеді.
Ғалымның посткеңестік кеңістіктегі білім беруді реформалау саласындағы зерттеулері, оның ішінде жоғары білім беруді интернационалдандыру, білім берудегі теңдік пен қолжетімділік, ғылым мен зерттеу құзыреттілігін дамыту сияқты маңызды тақырыптардағы зерттеу жұмыстары ғылыми ортада танылды. Оның Хирш индексі – 21.
Проф. Әлия өзінің зерттеулері мен баяндамаларында білім беру мен білім саласындағы зерттеулерді дамытудағы жаңа бағыттарды қарастырудың маңыздылығын, сондай-ақ еліміз осы салада бірегей отандық өнімдер мен технологияларды жасау қажеттігін айтады.
Жастарға ғылым жолында жетістікке жету үшін үш қасиет керек екенін атап өтті
- Алғырлық, зеректік, білімді болу және ауқымды ойлай білу;
- Батылдық – сынға, күмәнге және барлық кедергіге қарамастан өз жолымен жүре білу;
- Өз-өзіне адал болу (қарапайымдылық, өзіне сын көзбен қарау) – жетістікке жете бастағанда тура жолдан тайып кетпес үшін өзіне де, өзгелерге адал бола білу керек.
Қазақстандағы жас ғалымдарға қандай кеңес берер едіңіз деген сұраққа ғалым:
Ғалым өз сөзінде қазақстандық саясаткерлер мен практиктер білім беру саласындағы өзекті тақырыптарды зерттеуге ден қоятынын, алайда саланы дамытудың әдіс-тәсілдерін қайта қарап, көзқарасты өзгерту керек екенін айтты. Яғни дүние жүзіндегі, өңірдегі білім саласының болашағына көз жүгірту, жаңа бағыттарын қадағалау және жақын болашақта не маңызды болатынын, жаңа қиындықтарға дайын болу үшін қазір қандай тақырыптарды қозғау керектігін болжауға тырысу керек екенін алға тартты.
Қазіргі уақытта Қазақстан ғылымын дамытуға қандай үлес қоса аласыз деп ойлайсыз?
Сонымен қатар Әлия Қожабекова: «Еліміз білім саласының қазіргі және өткен жылдардағы жағдайына көз жүгіртіп, бірегей тәжірибеміз жаңа сынақтарға қаншалықты дайын екенін және Қазақстан білім беру философиясы, тәсілдері, теориялары мен зерттеу әдістері тұрғысынан әлемдік қауымдастыққа не ұсына алатынын ойластыру керек», – деді. Біз басқалардан үйреніп қана қоймай, өзіміздің бірегей қазақстандық өніміміз бен технологиямызды, оның ішінде білім мен ғылым саласында зерттеулер жүргізуден қорықпауымыз керек екенін айтты.
Сіздің пікіріңізше, Қазақстан қандай ғаламдық ғылыми тенденциялар мен инновацияларды ескеруі керек?
Қазіргі уақытта ғалым ғылыми зерттеулер жүргізу арқылы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің және өнеркәсіптік ірі ұйымдардың ғылыми жобаларына қатысу арқылы, сондай-ақ студенттерге арналған жазғы семинарлар өткізу арқылы Қазақстанда ғылым саласының дамуына өз үлесін қосуда.
Сонымен қатар постдок пен ғылыми тәжірибеге әріптестерімізді қабылдауға дайын екендігін айтты. Әлия ханым бізбен тығыз жұмыс істеуге және болашақта елге оралуға дайын, ғалымның бұл ниеті отандық ғылыми қоғамдастықтың дамуы үшін маңызды рөл атқарады
#100KZGALYM рубрикасы «Шетелдегі 100 қазақстандық ғалым» жобасы аясында шығып отыр.
Автор – Қуаныш Ергалиев