Құрметті достар, әріптестер!
Шетелдегі қазақ ғалымдарын таныстыруды жалғастырамын.
Бүгінгі кейіпкерім – Жапонияда жетістікке жетіп жүрген және медицина саласындағы қазақстандық ғалымдармен тығыз жұмыс істейді.
Доктор Серік Мейрманов – Жапониядағы Ritsumeikan Asia Pacific University университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі деканы. Біздікімен салыстырғанда қызметі академиялық мәселелер жөніндегі проректор лауазымына тең. Жапон университеті басшылығының қатарынан қазақ фамилиясын көрудің өзі бір мәртебе.
Ritsumeikan Asia Pacific University – Жапонияның жекеменшік халықаралық университеттерінің бірі.
Серікті біраз уақыттан бері танимын, ол – менің әріптесім, хирург және денсаулық сақтау саласының сарапшысы.
Профессор Серік 1997 жылы Семейдегі медициналық университетті бітірген. Жапониядан Семейге ядролық полигон қызметінің салдарын зерттейтін ғалымдар жиі келеді. Сондай сапарлардың бірінде жас дәрігер Серік Мейрманов Нагасаки университетінің Медицина мектебінің әріптестерінің көзіне түсіп, олар докторантураға шақырды. Осылайша ол 2004 жылы Медицина ғылымдары бойынша PhD докторантурасын аяқтады. Содан кейін постдокторантураға қалды және екі жылдан кейін ассистент-профессор лауазымына шақыру алды.
2009 жылы Доктор Серік Мейрманов Ritsumeikan Asia Pacific University-ге ауысып, ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысып, толық профессор болып, декан лауазымына дейін көтерілді.
Доктор Серік Мейрмановтың ғылыми қызығушылықтары Әлеуметтік психология, Нейропсихология, Когнитивті психология, Қоғамдық денсаулық сақтау, Онкология және Эпидемиология сияқты білім бағдарламаларын қамтиды. ХИРШ ИНДЕКСІ –16.
Серік Жапонияда 20 жылдан астам уақыт тұрғанына қарамастан, Қазақстандағы әріптестерімен үнемі байланыста, бірлескен ғылыми зерттеулер мен жарияланымдар жүргізеді.
Жас ғалымдарға айтар кеңесі?
- соңғы жылдары кейбір ғылыми бағыттар қарқынды дамып келеді, сондықтан әлемдік ғылыми трендтерден хабардар болу үшін халықаралық конференцияларға қатысып, ғылыми мақалаларға шолу жасау қажет;
- халықаралық танылған ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өту баға жетпес практикалық және теориялық ғылыми дағдыларды игеруге мүмкіндік береді;
- онлайн аудармашылар ғылыми әдебиеттерді жылдам аударуға мүмкіндік береді, бірақ ағылшын тілін білу қарым-қатынас пен ынтымақтастық үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.
Қазақстандағы жас ғалымдарға қандай кеңес берер едіңіз деген сұраққа ғалым
Серік Мейрманов ғылым саласында жетістікке жету үшін әр ғалымға қызығушылық, еңбекқорлық, табандылық, үнемі білімін жетілдіру сияқты қасиеттерден бөлек мынадай дағдылар маңызды екенін атап өтті:
- жүйелі ойлау және өршіл мақсаттар қою қабілеті. Бұл сапа сәттілікке кепілдік бермейді, бірақ оған жету мүмкіндігін арттырады.
- коммуникативтік дағдыларды дамыту. Үлкен жобалар басқа ғалымдардың қатысуын талап етеді және қарым-қатынас табысты ынтымақтастықтың кілті болып табылады.
- халықаралық конференцияларда өз ғылыми зерттеулеріңнің нәтижелері туралы жиі баяндама жасау. Бұл шешендік өнердің дағдыларын дамытып қана қоймай, ғылыми нәтижелердің сапасы мен өзектілігін жақсы тексеруге мүмкіндік береді.
Ғалымның айтуынша, оның Жапониядағы ғылыми қызметі Қазақстандағы ғылыми зерттеулермен тығыз байланысты. Қазақстанның медицина саласындағы ғалымдарына қолдау көрсетіп жүр. Ол көптеген жыл бойы Қазақстанда шақырылған профессор ретінде қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы жас ғалымдарға арналған семинарлар өткізген.
Қазіргі уақытта Қазақстан ғылымын дамытуға қандай үлес қоса аласыз деп ойлайсыз?
«Қазақстанның PhD дәрежесіне кандидаттарды шетелдік кеңесші ретінде үнемі қолдаймын. Талантты қазақстандық жас ғалымдардың жетекшісі болып, алдыңғы қатарлы шетелдік журналдардың бірлескен ғылыми жарияланымдарына қатысқаныма қуаныштымын. Менің қатысуыммен жапондық медициналық мекемелерде қазақстандық дәрігерлер үшін семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылды. Сондай-ақ көптеген жапондық дәрігерлер, онко-хирургтар Қазақстанға келіп, шеберлік сыныптарын өткізді», – дейді Серік Мейрманов.
Ғалым институционалдық деңгейде Жапония мен Қазақстанның медициналық жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты ұйымдастырды.
Сіздің пікіріңізше, Қазақстан қандай ғаламдық ғылыми тенденциялар мен инновацияларды ескеруі керек?
Доктор Серік Қазақстан қандай ғылыми трендтерге назар аударуы қажет екенін айтты. Қазіргі уақытта жасанды интеллектті пайдалану негізгі трендтердің бірі болып табылатынын атап өтті. «ЖИ әртүрлі салалардағы мәселелерді шеше алады. Бірақ оны қолданудың кері әсері де болуы мүмкін, сондықтан ғылыми негіздеу қажеттілік болып табылады. Биотехнология да – ғылымның қарқынды дамып келе жатқан саласы. Олар денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және қоршаған орта мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Ғылыми инфрақұрылымды одан әрі дамыту және ғылыми зертханаларды қаржыландыру арқылы Қазақстан көптеген халықаралық ғылыми салаларда көшбасшылардың бірі бола алады деп санаймын», – деді ғалым.
P.S. Рубрика шетелдегі қазақстандық ғалымдар туралы жоба аясында шығарылады. Автор – Қуаныш Ерғалиев.